Жаңалықтар

Конкур – тұлпар мен шабандоз сыналар алаң

Шыңғыс Маликаждар – конкурдан ұлттық құрама мүшесі, спорт шеберіне үміткер. Бүгінде спортшы биік белестерді бағындырып қана қоймай, бапкерлік жолды да қатар алып келеді.

Шыңғыс ат спортына 9 жасында қызығушылық танытқан. Алғашқы жылдары бәйгелерге қатысып, 14 жасында конкур бағытына ден қойған.
Осы жолды таңдауда алғашқы ұстазы әрі қолдаушысы әкесі Шалқар Намазовтың рөлі зор болды. Әкесі Кеңес Одағының спорт шебері (үшсайыс бойынша) және қазіргі таңда Шымкент қаласында конкурдан жаттықтырушы болып қызмет атқарады.
Қазіргі уақытта Шыңғыс бапкерлік қызметін қатар алып жүр. Оның айтуынша, конкурда тек спортшы ғана емес, аттың өзі де толық дайын болуы қажет. Аттың мінезі мен ерекшеліктерін терең түсінетін бапкер ғана шәкіртін нақты нәтижеге жеткізе алады. Шыңғыстың шәкірттері ересектер арасында турнирлер мен ҚР кубогында жүлделі орындарға ие болып жүр.
Алты айдан бері Шыңғыс Еуропадан әкелінген 9 жасар тұлпар Несме атпен бірге жаттығып келеді. Жақында өткен ҚР кубогында олар 130 см бағытында бірінші орынды иеленді. Оның алдағы мақсаты – Гран-при жеңімпазы атану.

— Ат спорты төзімділік пен табандылықты талап етеді. Жеңіске жету және оны тұрақты түрде ұстап тұру оңай емес. Атпен сенімді қарым-қатынас орнатып, оның тілін түсіну және сенімді серіктеске айналу үшін көп жылдық тәжірибе қажет,-деп атап өтті спортшы.

Негізгі жетістіктері:
• 2019 жылы ҚР чемпионатының жүлдегері;
• 2021–2024 жылдары ҚР Кубогы мен чемпионатының жеңімпазы және жүлдегері;
• 2023 жылы Бішкекте өткен Әлем кубогы кезеңдерінде 125-130 см бағыттар бойынша жеңімпазы, 150 см командалық жарыста қола жүлде иегері;
• 2023–2024 жылдары Ташкентте өткен Әлем кубогы кезеңдерінде 120-130 см бағыттар бойынша жеңімпаз.

Back to top button