Жаңалықтар

АСТАНАДА АТ СПОРТЫНАН FEI ӘЛЕМ КУБОГЫ ЕУРАЗИЯ ЛИГАСЫНЫҢ ФИНАЛЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Астана, 20 қараша 2026 жыл. Бүгін елордадағы «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінде конкурдан FEI Әлем Кубогы Еуразия лигасы финалының (FEI Jumping World Cup™ Eurasian League Final CSI1-W LF Astana 2026) салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шара барысында жарысқа қатысушы 5 мемлекеттің — Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанның ұлттық құрамалары салтанатты шерумен алаңға шықты. Спортшылар шеруін спорт шебері Олег Соколенко бастап жүрді.

Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын Ұлттық ұланның Құрмет қарауылы салтанатпен алып шығып, Мемлекеттік Әнұранды балалар хоры орындады.

Шара барысында ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов осы жарысты ұйымдастыруға себепші болып отырған ҚР Ат спорты федерациясына ҚР Туризм және спорт министрлігі атынан алғыс білдірді.

Ресей Ат спорты федерациясының атқарушы директоры Вадим Скоропупов Халықаралық ат спорты федерациясы (FEI) Бюросының мүшесі, Еуразиялық ат спорты қауымдастығының және Ресей ат спорты федерациясының президенті Марина Сечинаның құттықтау сөзін оқып берді.
— Еуразиялық лиганың дами түсіп, елдеріміз арасындағы спорттық және достық байланыстарды нығайтып жатқаны ерекше қуантады.
Мұндай жарыстар спортшыларға жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, сонымен қатар тәжірибе алмасуға, шеберлік деңгейін арттыруға және ат спортын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.
ҚР Ат спорты федерациясына және турнир ұйымдастырушыларына көрсеткен қонақжайлылығы, іс-шараны жоғары деңгейде дайындағаны, сондай-ақ халықаралық спорттық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін, — делінген құттықтау хатта.

Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) вице-президенті Марк Самуэль Қазақстанға келгеніне небәрі бір күн болса да, бұл елде жылқыға деген сүйіспеншіліктің бар екенін бірден байқағанын айтты.

— Біздің президент жексенбі күні осында болады. Бұл аймақтың FEI үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, сондықтан Еуразиялық лиганың финалына орай осында келгеніме өте қуаныштымын, — деді Марк Самуэль.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек кейінгі жылдары Федерацияның жақсы жұмыс атқарып, оң серпін көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
— Қазіргі уақытта біз Халықаралық олимпиада комитетімен және Федерациямен бірлесіп, жаттықтырушыларға арналған курстарды ұйымдастыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Ілгерілеушілікті көріп отырмыз және Федерацияның жұмысын қолдаймыз.
Спортшыларымызды алда талай жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін, — деді Н. Нөгербек.

Турнирді ҚР Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев ресми түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Бүгін елордамызда әлемдік деңгейдегі айтулы дода – конкурдан FEI Әлем Кубогы Еуразиялық лигасының финалын ашып отырмыз. Бұл – Еуразия кеңістігіндегі ең беделді бәсекелердің бірі. Биыл еліміз Әлем кубогының үш кезеңін жоғары деңгейде өткізіп, міне, бүгін сол маусымның шешуші мәресін қабылдап отыр.
Осындай ауқымды халықаралық жарыстардың жоғары деңгейде өтуіне зор қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне, Ұлттық Олимпиада комитеті мен Астана қаласының әкімдігіне, сондай-ақ бас демеушіміз «Казцинк» компаниясына ерекше алғысымды білдіремін.
Осы қараша айы біздің Федерация үшін өте жемісті болды. Үш маңызды республикалық жарысты сәтті өткіздік:
• Конкурдан жасөспірімдер мен юниорлар арасындағы ел біріншілігі;
• Ересектер арасындағы конкурдан Қазақстан чемпионаты;
• Паралимпиадалық мәнерлеп жүруден Қазақстан чемпионаты.
Бұл жарыстардың қорытындысы бізге зор үміт сыйлады. Елімізде ат спортына қызығатын, әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алатын жаңа, талантты жас буын өсіп келе жатқанын анық көрдік. Жалпы, Қазақстан ат спорты соңғы кезде әлемдік аренада өзін сенімді түрде танытып, халықаралық жарыстарда бой көрсете бастады. Біздің бағытымыз айқын, алға қойған мақсатымыз зор! Соның бір дәлелі – алдағы жылы Әлем кубогы кезеңі аясында Олимпиада ойындарына лицензия беретін арнайы квалификациялық турнир (Special Event) өткізуге ресми өтінім бердік.
Бұл жетістіктер – бірлескен жұмыстың жемісі. Қазіргі таңда Халықаралық ат спорты федерациясымен, Еуразиялық ат спорты ассоциациясымен және аймақтық федерациялармен әріптестік байланысымыз бұрынғыдан да беки түсті.
Бүгінгі жарысқа Еуразия аймағындағы ең мықты деген шабандоздар жиналды. Жалпы рейтингте үздік шыққан спортшылармен қатар, арнайы квотамен шақырылған қатысушылар бақ сынайды. Сұлулық пен тектіліктің, төзімділік пен шеберліктің жарқын үлгісін көрсетеді.
Барша қатысушыға сәттілік, мінсіз секіру, ал көрерменге ұмытылмас әсер тілеймін!
FEI Әлем Кубогы Еуразиялық лигасының финалын ашық деп жариялаймын! — деді Р. Баялиев.

FEI және Еуразиялық ат спорты қауымдастығының қолдауымен өтіп жатқан турнир 2027 жылы Мәскеуде болатын Еуразия ойындарына дайындық кезеңінде стратегиялық маңызға ие. Жарыста 5 елдің үздік шабандоздары FEI Әлем Кубогының Гранд-финалына жолдама алу үшін бақ сынап жатыр.

Салтанатты рәсімнен кейін жарыстың негізгі спорттық бағдарламасы — 150 см биіктіктегі кедергілерден өту бойынша CENTER CREDIT BANK CUP бәсекесі басталды.

Айта кетейік, жарыстардың Бас демеуші — KAZZINC. Ресми демеушілер — Bank CenterCredit, ULTIMA (Yandex Go Ultima), Wyndham Garden Astana, EMPIRE, The St. Regis Astana. Бас ақпараттық серіктес — QAZSPORT HD телеарнасы.
Жарыс 22 қараша күні аяқталады. Кіру тегін.

Back to top button