Еуразиялық лига турнирі: Аймақтың үздік шабандоздары марапатталды

Ат спортынан Еуразиялық лига аясында өткен ірі халықаралық бәсеке қорытындыланды. Аймақтың ең мықты шабандоздары бас қосқан додада шеберлік пен жылдамдық сыналды.
Тартысты өткен жарыс бағдарламасы бойынша спортшылар бүгін екі негізгі кезеңде бақ сынап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сайыстың мәртебесін Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Востың қатысуы арттыра түсті.
— Жарыс өте тартысты өтті, бәсекелестік деңгейі жоғары болды. Қазақстанның және бүкіл өңірдің әлеуеті зор деп есептеймін: мұнда қажетті инфрақұрылым да, жақсы сәйгүліктер де, мықты шабандоздар да бар. Елдің ат спортын одан әрі дамытып, бүкіл Еуразия аймағында өз орнын нығайтуға мүмкіндігі толық жетеді. Қазақстанда өтетін ірі халықаралық турнирлердің болашағы зор екеніне сенімдімін. Жарыс өте зор әсер қалдырды. Спортшыларды, ат иелерін және федерацияны атқарған тамаша жұмысымен құттықтағым келеді, — деді Ингмар Де Вос марапаттау рәсімінен кейін берген сұхбатында.
Сонымен қатар, үздіктерді марапаттау рәсіміне Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан ұлттық федерацияларының басшылары — Рустам Баялиев, Садыр Мамытов, Бахромжон Газиев, Еуразиялық лиганың бас хатшысы Сергей Буйкевич, Ресей ат спорты федерациясы бюросының мүшесі Максим Кретов, Гранд-жюри президенті Али Кучук және халықаралық төрешілер алқасының мүшелері қатысты.
№7 ASIAN EQUESTRIAN FEDERATION / MANTENA CUP (135 см) сынында қырғызстандық Ринат Галимов Enrique PKZ атты сәйгүлігімен үздік нәтиже көрсетіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Жеңімпазға бас жүлдені Гранд-жюри президенті Али Кучук табыс етті.
Екінші орынды қазақстандық Аян Ғани мен Quattro VDB иеленсе, үздік үштікті өзбекстандық Бекзод Құрбанов Santos Hipica атыментүйіндеді.
Ал төртінші және бесінші орындар екі бірдей сәйгүлікпен (Shenanigan және Coriander Van’t Lozerhof Z) өнер көрсеткен қазақстандық шабандоз Олег Соколенконың еншісіне бұйырды.
Турнирдің ең шешуші әрі басты бәсекесі — №8 ARGYMAK MAXIMA MASTER EURASIA CUP FINAL (155 см) жарысында өзбекстандық Бекзод Құрбанов Matts V.G сәйгүлігімен қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Чемпионды Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Востың өзі марапаттады.
Бұл сында қазақстандық Олег Соколенко жоғары шеберлік танытып, Cinderella сәйгүлігімен 2-орынға қол жеткізді. Оған марапатты ҚР Ұлттық ат спорты федерациясының басшысы Рустам Баялиев табыстады.
Үшінші орынды Ксения Хайрулина Gentleman De Beaulieu атымен иеленсе, төртінші және бесінші сатыларға Шалва Гачечиладзе мен Florizell және Дарья Самохина мен Chas Pik тұрақтады.
Бұл турнир Орталық Азия мен Еуразия кеңістігіндегі ат спортының қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Халықаралық деңгейдегі мұндай жарыстар шабандоздардың тәжірибе алмасуына және елдер арасындағы спорттық байланыстардың нығаюына зор серпін бермек.
Еске салсақ, жарыстардың Бас демеушісі — KAZZINC. Ресми демеушілер — Bank CenterCredit, ULTIMA (Yandex Go Ultima), Wyndham Garden Astana, EMPIRE, The St. Regis Astana. Бас ақпараттық серіктес — QAZSPORT HD телеарнасы.