Блиц-сұхбат: Ержан Мағжаев

Ержан Мағжаев – конкур бойынша спорт шебері, ұлттық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, кәсіби жаттықтырушы. Ат спорты саласында көп жылдық тәжірибесі бар маман бүгінде жас спортшыларды даярлаумен айналысады.
Жетістіктері:
2013 жылы Қырғызстанда өткен Конкурдан Әлем кубогының кезеңі — 1 орын
2013 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен халықаралық жарыс — 1 орын
2013 жылы Ресей, Ханты-Мансийск қаласындағы халықаралық жарыс — 1 орын
2016 жылы Алматыда өткен Қазақстан чемпионаты — 1 орын
2016 жылы Алматыда өткен Қазақстан Кубогы — 1 орын
2014 жылы Қырғызстандағы Әлем кубогының кезеңі — 4 орын
2021 жылы Алматыда ересектер арасында жабық манежде өткен ҚР Кубогы -1 орын
Ат спортына қалай келдіңіз?
-Атқа алғаш рет 4 жасымда атамның алдында отырып міндім. 8 жасымда облыстық бәйгелерге қатысып жүрдім. Біртіндеп кәсіби деңгейге ауыстым.
Еңбек жолыңыз қалай басталды?
-2001 жылы Астанаға көшіп, «Алтын тұлпар» (қазіргі Престиж) клубында ат бағушы болып жұмысқа орналастым. Кейіннен жаттықтырушылыққа бет бұрдым. 2005 жылдан бастап конкурмен айналыса бастадым.
Конкурды таңдауыңызға не себеп??
-Конкурмен кез келген жаста айналысуға болады. Алғаш бет бұрған жылдары мені конкурдан Олимпиадалық деңгейде қатысқан қазақстандық спортшы жоқ екендігі қатты қынжылтты. Неге қатысып көрмеске, неге шәкірт тәрбиелемеске деп ой жетеледі.
Отбасыңызда осы спортпен айналысатындар бар ма?
-Қазір ағамның ұлы Мансұр конкурға қызығушылық танытып жүр. Бұл – ұрпақ сабақтастығының бастауы деп білемін.
Кумиріңіз кім?
-Менің кумирім Луговой жылқы зауытынан шыққан, атпен мәнерлеп жүруден Олимпиада чемпионы атанған атақты Абсент. Елімізде әлемдік деңгейдегі Олимпиада чемпиондары шықса деген үлкен арманым бар.
Бүгінде жаттықтырушылыққа көп күш салып жүрсіз…
-2009 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келемін. Ат спорты баланы тәртіпке, жауапкершілікке, жануарға деген қамқорлыққа үйретеді. Денсаулыққа да пайдасы мол.
Шәкірттеріңіздің дені чемпиондар. Қазір олимпиадалық ат спортына баулуда қандай мәселелер бар?
-2001 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келемін, барлығымен мақтанамын. Қазір талантты балалар көп, бірақ жақсы база мен конкурға лайықты атты табу қиын және қолжетімсіз.