Жаңалықтар

Спорттағы отбасылық жұп: Олег пен Раиса Соколенко

Олег пен Раиса Соколенко кәсіби спорт пен отбасылық өмірді ұтымды үйлестіре білген жұп.
Ат спортына деген махаббат, сүйген іске адалдық оларды бір арнаға тоғыстырды.

-ҚР бірнеше дүркін чемпиондары
-Халықаралық жарыстардың жүлдегерлері
-Спортшы-жаттықтырушылар

Спорттық жұп ат спорты, табандылық және шабыт беретін серіктестік жөнінде сұхбат берді.

-Спортқа қалай келдіңіздер және кәсіби деңгейге жетуге не көмектесті?
Раиса: Барлығы балалық шақтан басталды. Кәсіпқой деңгей тек техника ғана емес, аттың тілін табу. Жарақаттар да, тоқтап қалған кезеңдер де болды, мұның бәрі әрине тәжірибе.
Олег: Көкпар, жарыс, шабандоздық бағыттарын байқап көрдім, бірақ маған ең жақыны осы конкур болды. Мұнда дәлдік, жылдам шешім қабылдау және техника маңызды. Қиындықтар әрқашан болады, бұл да спорттың бір бөлігі.

-Жарыстарға қалай дайындаласыздар? Ерекше дәстүрлеріңіз бар ма?
Раиса: Өзім үшін де тұлпарым үшін де физикалық әрі психологиялық дайындық маңызды.
Олег: Арнайы дәстүр жоқ, бірақ жарысқа шыққанда амуниция мінсіз таза болуы керек.

-Жарыс алдындағы толқу мен қобалжуды қалай жеңесіздер?
Раиса: Қобалжу – жарыстың бір бөлігі, оған дайын болу керек.
Олег: Дайындық кезінде қобалжу болады, бірақ алаңға шыққанда толығымен жинақталамын, қобалжу бірден басылады.

-Қай жарыс ерекше құнды? Және аттармен жұмыс кезінде не маңызды?
Раиса: Әр жетістік өзінше құнды. Ат – жай спорттық құрал емес, ол менің серіктесім. Әр атқа жеке көзқарас қажет, оны естіп, сезіну маңызды.
Олег: Барлық турнир маңызды, әрқайсысы жаңа тәжірибе береді. Бізде қазір дарынды жас аттар баршылық. Ең бастысы олардың ашылуына кедергі келтірмеу.

-Қалай таныстыңыздар?
Раиса: Кезекті жарыстарда таныстық. Екеуімізді де аттарға деген махаббат біріктірді.
Олег: Алматыда өткен турнирде таныстық.

-Спорт пен отбасылық өмір арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыздар?
Раиса: Тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Мені шабыттандыратыны – аттар, дамуға деген ұмтылыс, эмоция, команданың қолдауы.
Олег: Жұмыс пен жеке өмірді араластырмаған жөн. Ат спортында жүргеніме 13 жыл. Басты мақсатым – Олимпиадаға қатысу. Осы мақсат маған алға жылжуға күш береді.

Back to top button