Қазақстан конкурдан Әлем Кубогының Еуразиялық Лигасы мен Азия Федерациясы Кубогына қатысады

2025 жылғы 17–27 сәуір аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында конкур бойынша Әлем Кубогының Еуразиялық Лигасының екі кезеңі мен Азия Федерациясы Кубогы өтеді. Бұл жарыстарға Қазақстан Республикасының ат спорты құрамасы да қатысады.
Әлем Кубогының Еуразиялық Лигасының бірінші кезеңі 17–20 сәуір аралығында, екінші кезеңі 24–27 сәуір аралығында өтеді. Бұл халықаралық турнирлер жыл сайын ұйымдастырылады және 2026 жылғы Әлем чемпионатына мен 2025 жылғы Әлем Кубогының финалына іріктеу жарыстары болып табылады.
Айта кету керек, Қазақстан алғаш рет Азия Федерациясы Кубогына қатысады. Ел намысын бір спортшы қорғайды, ол рейтингілік ұпайлар мен ірі халықаралық жарыстарға жолдама алу үшін жарысқа түседі. Бұл турнир Орталық Азияда алғаш рет өткізіліп отыр және аймақтағы ат спортының танымалдылығын арттыруды мақсат етеді.
Азия Федерациясы Кубогына 11 елдің шабандоздары қатысады:
Өзбекстан, Сирия, Малайзия, Қазақстан, Жапония, Сингапур, Индонезия, Қырғызстан, Мысыр, Иран және Біріккен Араб Әмірліктері. Ережеге сай, әр елден бір ғана қатысушы жарысқа жіберіледі.
Әлем Кубогы кезеңдеріне Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан құрамалары қатысады.
Жарыстар конкур спорт түрі бойынша өтеді – бұл кедергілерді еңсеру сайысы. Бұл – ат спортының ең танымал түрлерінің бірі. Қатысушы ұзындығы 200-ден 1100 метрге дейінгі маршрутты тұлпарымен жүріп өтіп, 6-дан 13-ке дейінгі түрлі кедергілерді бағындыруы тиіс. Кедергіні құлату, аттың бағынбауы, құлау сияқты қателіктер үшін айып ұпайлары беріледі.
Бұл турнирге қатысу қазақстандық ат спорты үшін жаңа мүмкіндіктер ашады және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Қазақстандық спортшылар басты халықаралық жарыстарға жолдама алу үшін маңызды рейтингілік ұпайлар үшін жарысқа түседі.
Қазақстан Республикасының ат спорты федерациясының баспасөз қызметі