Қазақстанда ат спортын дамытудың жаңа кезеңі: Геннадий Головкин FEI президентімен кездесті

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Астанада Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Воспен ресми кездесу өткізді. Ингмар Де Вос сондай-ақ Жазғы Олимпиадалық халықаралық федерациялар қауымдастығын (ASOIF) басқарады және Халықаралық Олимпиадалық комитет (ХОК) Атқарушы кеңесінің мүшесі.
Кездесуге Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Бас директоры Нұрлан Нөгербек, сондай-ақ Рустам Баялиев бастаған Қазақстанның ұлттық ат спорты федерациясының басшылық құрамы қатысты.
Тараптар Қазақстанның 2027 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу турнирін елімізде қабылдау жөніндегі өтінімін талқылады.
Сондай-ақ халқымыздың жылқы баптаудағы бай тәжірибесі мен ұзақ жолға төзімді қазақы жылқы тұқымдарының табиғи қасиеттерін пайдалана отырып, осы бағытты, яғни қашықтыққа шабу (Endurance) түрін дамыту мәселесі қаралды. Оны Олимпиада бағдарламасына қосу мүмкіндіктері мен техникалық талаптары сөз болды.
Кездесу барысында Ингмар Де Вос Қазақстанның дамыған спорт инфрақұрылымын, қолайлы географиялық орналасуын және шетелдік спортшылар үшін визалық рәсімдердің жеңілдігін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар FEI басшысы Қазақстан ҰОК-тің ұлттық және халықаралық федерациялармен байланысты нығайту бағытындағы жұмысына жоғары баға беріп, еліміздегі ат спорты бастамаларын алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін жеткізді.
Еске салсақ, биыл Астанада конкурдан Әлем кубогы кезеңдері, сондай-ақ Әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалы мен FEI Jumping World Challenge финалы сәтті өткен болатын. Тараптар елімізде ірі халықаралық турнирлерді ұйымдастыруды жүйелі түрде жалғастыруға уағдаласты.
Айта кетейік, Ингмар Де Вос Астанадағы WADA Құрылтайшылар кеңесінің жиынына қатысуға келді.