Жаңалықтар

Алматы облысында жас жылқылар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді

13 қыркүйекте Алматы облысындағы «Қобыланды» ат зауытында мәнерлеп жүруден жас жылқылар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді.
Республикалық деңгейдегі жарыс жас жылқылардың спорттық әлеуетін бағалап, оларды жоғары деңгейдегі бәсекелерге дайындауға мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ. Чемпионатқа еліміздің өңірлерінен спортшылар қатысады.
Жарыс барысында 4, 5, 6 және 7 жастағы жылқыларға арналған халықаралық FEI бағдарламалары бойынша сынақтар өткізіледі. Атап айтқанда, 4 жастағы жылқылар арасында FEI бағдарламасының 4 жастағы жылқыларға арналған тесті, 5 және 6 жастағы жылқылар арасында финалдық тесттер, ал 7 жастағы жылқылар арасында алдын ала тест қарастырылған.
Қатысушылардың жасына да талап қойылады. 4-5 жастағы жылқылармен 18 жастан асқан шабандоздар, ал 6-7 жастағы жылқылармен 16 жастан асқан шабандоздар қатыса алады.
Алдын ала кестеге сәйкес, жарыстың жекелеген бағдарламалары сағат 08:00 және 09:00-ден басталады. 4, 5, 6 және 7 жастағы жылқылар арасындағы сынақтардың нақты басталу уақыты ұйымдастырушылардың жарыс кестесіне сәйкес белгіленеді.
Мәнерлеп жүру барысында жас жылқылардың дайындық деңгейі, жүріс мәнері, шабандозбен үйлесімі және спорттық мүмкіндігі бағаланады. Мұндай жарыстар қазақстандық ат спортының жаңа буынын қалыптастыруда және перспективалы жылқыларды жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарға дайындауда маңызды рөл атқарады.
Қазақстанда жас жылқылармен жұмыс істеуге және оларды халықаралық талаптарға сай дайындауға кейінгі жылдары ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұған ат спорты федерациясының жарыс күнтізбесінде жас жылқыларға арналған жеке чемпионаттың өткізілуі де дәлел.

Регламент

Back to top button