Нұрила Тұрысбекова мен Олег Соколенко Азия ойындарының финалына өтті
Токиодағы JRA Equestrian Park ат спорты аренасында ХХ Азия ойындары аясында конкур бағдарламасы бойынша жекелей сынның алғашқы іріктеу кезеңдері аяқталды. Жарысқа Азияның ең мықты 29 спорттық жұбы қатысты.
Іріктеу кезеңінің көшбасшылары Сауд Арабиясы мен БАӘ өкілдері болды. Competition B (1.55 метрге дейін) сынында сауд арабиялық Абдурахман Альраджхи Lorenzo ES тұлпарымен мінсіз өнер көрсетті. Сондай-ақ үздіктер қатарында Шейха Латифа Аль Мактум (БАӘ) мен Али Алкхарафи (Кувейт) да бар. Competition A (1.40-1.50 м) сынында сауд арабиялық шабандоз Халед Альмобти 74.38 секундтық көрсеткішпен аралық көшбасшылықты иеленді, ол өз отандасы Саад Алажмиден (75.18 сек) озып кетті. Үздік үштікті БАӘ-ден келген Хумайд Альмейри түйіндеді.

Азия ойындарына 20 жылдық үзілістен кейін қатысып жатқан конкурдан Қазақстан құрамасы жарыс жолына толық құрамда шықты. Ксения Баталова LADY DI есімді биесімен старттық тізімді №1 нөмірмен ашты. Сондай-ақ алаңда URAN NAD WIGRAMI тұлпарымен Раиса Соколенко да өнер көрсетті. Іріктеу жарыстарының қорытындысы бойынша қазақстандық тәжірибелі шеберлер – QUIBELLE VAN D’ABELENDREEF тұлпарымен Нұрила Тұрысбекова және CINDERELLA тұлпарымен Олег Соколенко жоғары шеберлік танытып, үздік жиырмалықтың қатарында финалға жолдама алды. Ертең, 4 қазанда, олар ХХ Азия ойындарының шешуші сынында Қазақстан намысын қорғайды.