Жаңалықтар

Алматыда мәнерлеп жүруден ҚР Чемпионаты өтеді

Ат спорты федерациясы, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы бірлесе отырып, ат спортының ең талғампаз түрі – мәнерлеп жүруден ҚР Чемпионаты өтетінін хабарлайды.
Чемпионат 17 қазан күні Алматы облысындағы «Батист» кешенінде өтеді.
Ауқымды спорттық шара елдегі ат спортын танымал етуді, Ұлттық құрама мүшелерінің кәсіби шеберлігін арттыруды, сондай-ақ халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын жаңа, әлеуетті шабандоздар мен сәйгүліктерді анықтауды мақсат етеді.
Турнир Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) ресми ережелері мен ветеринарлық регламентіне сай өтеді.
Жарыс бағдарламасына сәйкес қатысушылар келесі санаттар бойынша бақ сынайды:
• Балалар (12-14 жас): Командалық жүлде.
• Жасөспірімдер (14-18 жас): Командалық жүлде.
• Юниорлар (16-21 жас): Командалық жүлде.
• Ересектер — «Кіші жүлде» бағдарламасы
• FEI кубогы бағдарламасы (орташа тест)
• Аймақтық ойындар бағдарламасы. «Жеке жүлде»
Іс-шараның күн тәртібі: 08:00 – Барлық бағдарламалар үшін ветеринарлық инспекция (сәйгүліктердің дайындығын тексеру); 09:15 – Техникалық кеңес; 10:10 – Жарыстардың ресми басталуы.
Жарыстың басты ерекшелігі – марапаттау санаттар бойынша бөлек жүргізілгенімен, Қазақстан Республикасы Чемпионатының абсолютті жеңімпазы мен жүлдегерлері ең күрделі бағдарлама – «Кіші жүлде» ерекшелігін орындаған спортшылар арасынан анықталады.

Back to top button