Жаңалықтар

Қазақстан Кубогы-2026: конкурдан жарыстың бірінші күні аяқталды

Астанадағы «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінде конкурдан Қазақстан Республикасының Кубогы өтіп жатыр. Жарысқа ел өңірлерінен спортшылар қатысып, биіктігі 100-ден 130 сантиметрге дейінгі кедергілерді бағындырады.

– Бұл жарыс – спортшылардың шеберлігін сынайтын бәсеке ғана емес, Қазақстандағы конкурдың дамуына үлес қосатын маңызды алаң. Мұндай республикалық жарыстар тәжірибелі шабандоздарға шеберлігін шыңдауға, ал жас спортшыларға өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашады.

Конкурда нәтиже тек шабандоздың дайындығына байланысты емес. Әрбір сәтті секірудің артында спортшы мен жылқының өзара сенімі, түсіністігі және күнделікті еңбегі тұр. Сондықтан осы екі күндік жарыста осы серіктестіктің ең жақсы үлгілерін көреміз деп сенеміз, — деді ҚР Ат спорты федерациясының вице-президенті Дәурен Ахметов жарыстың ашылу салтанатында.

Жарыстың негізгі мақсаты – Қазақстанда ат спортын дамыту, ұлттық құрама мүшелерінің шеберлігін арттыру, перспективалы шабандоздар мен жылқыларды анықтау және төрешілердің кәсіби деңгейін жетілдіру.

– Федерация үшін спортшылардың кәсіби деңгейін арттырумен қатар, жас буынды қолдау, төрешілік сапасын жетілдіру және жарыс мәдениетін дамыту — маңызды бағыттардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыс үзілмейді, — деді Д. Ахметов.

Кубок бағдарламасына алты маршрут енгізілген. Ерлер мен әйелдер тең жағдайда қатысады. Маршруттардың күрделілігіне қарай спортшылардың ең төменгі жасы 12 немесе 14 жас болып белгіленген. Ал жылқылардың жасы маршрутқа қарай кемінде 6 немесе 7 жаста болуы тиіс.

Бүгін, жарыстың бірінші күні спортшылар биіктігі 100, 110 және 120 сантиметр болатын үш маршрутта бақ сынады. Нәтиже келесідей:

№1 маршрут 100 см

 І орын: Амира Кабжанова мен Шах («Көкпар Астана» клубы)

ІІ орын: Арман Кажакат пен Шелби (жеке қатысушы)

ІІІ орын: Карина Най мен Фирмач («Көкпар Астана» клубы)

№2 маршрут 110 см

І орын: Қорабай Ержан мен Бүркіт (Prestige Horse Club)

ІІ орын: Ануар Досмаилов пен Google MeTH (NAIMIR)

ІІІ орын: Азамат Хасенов пен Lady in Red AST («Көкпар Астана» клубы)

№3 маршрут 120 см

І орын: Яна Жемчужина мен Бавария (NAIMIR)

ІІ орын: Ануар Досмаилов пен А’Корветте (NAIMIR)

ІІІ орын: Ануар Досмаилов пен Google MeTH (NAIMIR)

Back to top button