Жаңалықтар

Қазақстан құрамасы 12 жылдан кейін Азия ойындарындағы ат спорты бәсекесіне оралады

Қазақстан ұлттық құрамасы 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарындағы ат спорты жарыстарына қайта қатысады. Ел намысын Аichi–Nagoya 2026 Азия ойындарында төрт шабандоз бен олардың арғымақтары қорғайды.

Құрама сапында Олег Соколенко, Раиса Соколенко, Нұрила Тұрысбекова және Ксения Баталова бар. Спортшылар жарысқа жүйелі дайындалып, аттарымен берік байланыс орнатып, халықаралық додаға тыңғылықты әзірленіп жатыр.

Ат спорты бойынша жарыстар Жапонияның Токио қаласындағы JRA Equestrian Park аренасында өтеді. Олимпиадалық тарихы бар бұл нысан Азия құрлығындағы үздік шабандоздарды қабылдайды.

Қазақстандық спортшылар конкур бағдарламасында бақ сынайды.

Жарыс кестесіне сәйкес, 1 қазанда командалық финалдың бірінші және екінші кезеңдері өтеді. 3 қазанда жекелей финалдың бірінші кезеңі, ал 4 қазанда жекелей финалдың екінші кезеңі өтеді.

Командалық финалда спортшылар биіктігі 1,40–1,45 метр болатын кедергілерден өтеді. Ал жекелей финалда кедергілердің биіктігі 1,50–1,55 метрге дейін жетеді.

Конкурдағы жоғары нәтиже шабандоздың шеберлігімен ғана емес, ат пен спортшы арасындағы үйлесімділікке де байланысты. Бірнеше минутқа ғана созылатын жарыс кезеңінің артында жылдар бойғы дайындық, мыңдаған сағаттық жаттығу және шабандоз бен арғымақ арасындағы сенім жатыр.

Қазақстан құрамасының Азия ойындарына ат спорты бойынша қайта оралуы отандық ат спорты үшін маңызды кезең болмақ. Төрт спортшы Токиода ел намысын қорғап, халықаралық аренада Қазақстанның көк туын көтереді.

Back to top button