Еуропалық триумфтан Олимпиада арманына дейін – Амина Есеймен сұхбат

Алматылық шабандоз Амина Есей атқа алғаш 3 жасында мініп, 11 жасында өзінің тұңғыш сәйгүлігін иеленді. Ал 12 жасында Еуропа ат спорты қауымдастығының назарын Қазақстанға аудартып үлгерді. Биыл жазда өткен халықаралық жарыстарда жас спортшының құрметіне еліміздің көк байрағы 6 рет көтерілді. Ол Нидерландтағы финалдық додада топ жарып, кезекті жеңісін алтынмен бекітті.
Федерацияның ресми сайтына берген эксклюзивті сұхбатында Амина Еуропадағы жаттығулардың құпиясы, өзінің бес тұлпары, қатаң тайм-менеджмент және Қазақстанның конкурдан чемпионатына дайындығы туралы айтып берді.
Еуропалық жиындар мен баға жетпес тәжірибе туралы
— Амина, еуропалық турне қалай өтті? Жиындардан қандай тәжірибе жинақтадың?
— Еуропада біз екі жарым ай болдық. Онда шілде айының басында, Ақбұлақтағы (Алматы облысы – ред.) жарыстардан кейін бірден ұшып кеттік. Турнирлер кестесі өте тығыз болды. Апта сайын жарыстарға шығып тұрдық – жұма, сенбі және жексенбі күндері.
Бұл маңызды сапарға жаттықтырушылар Әсет Толқымбеков және Дайана Оңаевамен бірге аттандым. Сонымен қатар, біз жергілікті еуропалық мамандармен де, мысалы, мистер Альбертпен де (Альберт Смит – ред.) көп жаттығу жасадық.
— Еуропадағы жаттығуларда сені не таң қалдырды немесе бұл сапар спортқа деген көзқарасыңды өзгертті ме?
— Білесіз бе, дәл осы сапардан кейін мен жаттығу процесіне жаңаша қарап, сырттай мағынасыз болып көрінуі мүмкін қарапайым, базалық жаттығуларды не үшін жасау қажет екенін түсіндім. Мысалы, манежде жай ғана айналу немесе шеңбер жасауды (вольт) алсақ, оларда бір қарағанда байқалмайтын терең мағына бар екен. Бұл маршрут кезінде атты басқаруға орасан зор көмек береді. Еуропалық жиындар маған керемет мотивация болды, көп жаттығуға деген құштарлық сыйлады.

Конкур, адреналин және аттардың мінезі туралы
— Әуелде неліктен конкурды таңдадың?
— Конкурды таңдау себебім – маған адреналин қатты ұнайды. Бірақ әдемі секірулердің артында үлкен ішкі тәртіп тұрады. Конкурда тек физикалық күш қана маңызды емес. Бұл жерде өзіңді ұстай білу, мінсіз тепе-теңдікті сақтау және ең бастысы, атпен тіл табыса білу өте маңызды.
— Қазір спортта серіктес командаң бар – бес ат. Олардың әрқайсысы туралы айтып берші.
— Иә, менің бес керемет атым бар және олардың бәрі әртүрлі.
Bordeaux – ең алғашқы атым, белгілі Baloubet du Rouet-тен туған ганноверлік айғыр. Ол ірі, сымбатты және өте салмақты. Бірден еркелей кететін аттардың қатарынан емес. Бордомен ұзақ жұмыс істеу керек. Ол саған сеніп, жақсы көруі үшін оны біртіндеп ашу керек.
Tiësto van d’Abelendreef – Еуропадан әкелген алғашқы атым. Ол аты аңызға айналған Diamant de Semilly мен Kannan қызы Nanini van d’Abelendreef-тен туған. Мейірімді, бірақ жарыс алаңында қызу қанды. Тьесто өте талантты. Ол менің ең болашағы зор серіктесім екенін жасырмаймын және менің басты арманым – дәл осы Тьестомен бірге Олимпиада чемпионы болу.
Subzero Blue – сұр түсті, 4 жасар жас айғыр, ол да Baloubet du Rouet-тің баласы. Ол өз жолын енді ғана бастап жатыр, қазіргі уақытта мен онымен тек бір рет қана жаттықтым.
Cherry JVH Z – Еуропадан келген бие, Cigaret-тің қызы және аты аңызға айналған Clinton-ның немересі. Ол өте ерке, тәжірибелі және өте мейірімді. Оған әрқашан сенім артуға болады – Черри жарыс барысында кез келген қиын жағдайда құтқарып, міндетті түрде қолдау көрсетеді.
United Special Z – ең кіші серіктесім, жасы 3-те. Бұл жирен түсті айғыр, қазіргі уақытта өте танымал United Touch-тың баласы. Қазір ол Еуропада, сонда өсіп, дамып, өзінің болашақ карьерасына дайындалып жатыр.
— Аттарыңды қалай еркелетесің? Ерекше ережелерің бар ма?
— Ат қораға мен әрқашан дәмді сыйлықтармен – алма мен сәбіз ала барамын, менің аттарым тамақ жегенді өте жақсы көреді. Бірақ менің қатаң ережеме сәйкес: егер ат ерттелген және алаңға шығуға дайын болса, мен оған тек қант қана беремін. Аттың аузында ауыздық (трензель) тұрғанда, оған алма немесе сәбіз беру қауіпті.

Тығыз график, оқу және ҚР Чемпионатына дайындық туралы
— Еуропадағы алты жеңіс, бес аттың күтімі, жаттығулар… Мұның бәрін мектеппен қалай үйлестіріп жүрсің?
— Мен өте жақсы оқуға тырысамын, сондықтан уақытты қатаң жоспарлауға тура келеді. Барлығына үлгеру үшін мектепке таңертең ерте барып, мұғалімдермен қосымша сабақ оқимын. Сабақтан соң бірден ат клубына кетемін, машинада кейбір тапсырмалардың бір бөлігін орындаймын. Үйге тек кешкі 9–10-дарда ораламын, компьютерге отырып, қалған үй тапсырмаларын қараймын.
Демалыс күндерімді таңнан кешке дейін аттармен өткіземін. Тек қана жаттығу емес, аттарыма өзім күтім жасаймын. Сондай-ақ достарымызбен кездесіп, қыдырамыз, бір сөзбен ат спорты – менің қазіргі өмірім.
— Астанада өтетін конкурдан Қазақстан Чемпионатына қатысасың. Жарыс қарсаңындағы сезімің қандай?
— Бұл чемпионатқа бір жыл бойы тынымсыз дайындалдым. Шынымды айтсам, қазір ішімде екі сезім – толқу мен қуаныш арпалысып жатыр. Қуаныш – бүкіл командамызбен ұзақ уақыт бойы дайындалған турнир алаңында жүргенім. Ал толқуыма себеп – өзімнің максималды мүмкіндіктерімді дәлелдеп, сауатты қимыл, аттармен айлап қалыптастырған мінсіз байланыс сияқты қырларымды көрсеткім келеді.
— Сәттілік серік болсын!