Астанада жасөспірімдер мен юниорлар арасында ел чемпионаты өтіп жатыр

Астанадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан жасөспірімдер мен юниорлар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр.
Жарыстың мақсаты – ат спортын дамыту, ұлттық құрама мүшелерінің шеберлігін арттыру және болашақ чемпиондарды анықтау.
– Бұл чемпионат – жылдың басты іріктеуі. Біздің мақсатымыз – тек жеңімпазды анықтау емес, болашақ ұлттық құраманың резервін көру. 100-ден 130 см дейінгі күрделі маршруттарды курс-дизайнер Тамила Ерқанат дайындады, бұл балалар үшін нағыз сынақ болады. Осы жарыста мінезін көрсеткендер ертең үлкен ареналарға шығады, – дейді Спортты дамыту дирекциясы Ұлттық конкур командасының аға жаттықтырушысы Азамат Хасенов.
Бүгінгі Чемпионатқа еліміздің өңірлерінен 20-ға жуық жас шабандоздар жиналды. Жарыс 3 санат бойынша өтіп жатыр: «Балалар» 100-110 см (12-14 жас), «Жасөспірімдер» 110-120 см (15-18 жас) және «Юниорлар» 120-130 см (16-21 жас).
Бүгінгі іріктеуден «Балалар» санатына қатысқан 15 спортшы түгел ертеңгі ақтық сынға өтті. «Жасөспірімдер» санатындағы 13 спортшының 11-і, «Юниорлар» санатындағы 6 спортшының 4-еуі ертең жарысты жалғастырады.







