Жаңалықтар

Қазақстанның конкурдан ұлттық құрамасы Азия ойындарына дайындықтың шешуші кезеңіне шықты

12 жылдық үзілістен кейін Қазақстан Азия құрлығындағы ең ірі мультиспорттық дода — 2026 жылы Жапонияда өтетін XX Азия ойындарына қайта қатысуға дайындалуда.

Дайындықтың қорытынды кезеңі ретінде ұлттық құрама Бельгия, Нидерланд және Германияда өтетін CSI2–CSI3** деңгейіндегі халықаралық турнирлер сериясына қатысады. Қазақстан намысын Олег пен Раиса Соколенко, Нұрила Тұрысбекова және Ксения Баталова қорғайды.

Алда спортшыларды рейтингілік жарыстар мен Гран-при бәсекелері, 145 см-ге дейінгі кедергілерден өтетін бағыттар және әлемнің үздік шабандоздарымен тартысты бәсекелер күтіп тұр.

Бұл еуропалық тур – жай ғана жарыстар сериясы емес, Азия ойындары алдындағы ең маңызды сынақ. Дәл осы халықаралық додаларда қазақстандық спортшылар өз мүмкіндіктерін болашақ қарсыластарымен салыстырып, басты жарысқа дайындықтарын толық пысықтайды.

Ұлттық құрамамызға сәттілік, әр бағытта таза өнер көрсетіп, биік белестерді бағындыруына тілектеспіз!

Back to top button