Рухтың күші кез келген кедергіден биік болғанда…

23–24 шілде күндері Өскемен қаласындағы «Титан» ат клубында Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының паралимпиадалық және Арнайы Олимпиада бағдарламалары бойынша Кубогы оныншы рет өтті.
Биылғы жарысқа Алматы, Астана, Өскемен және Риддер қалаларынан келген 30 шабандоз қатысты. Олардың әрбір өнер көрсетуі – жай ғана спорттық сайыс емес. Бұл – қайсарлықтың, табандылықтың, күнделікті еңбектің және жылқыға деген шексіз сүйіспеншіліктің көрінісі.
Ат спорты ерекше қажеттілігі бар жандарға тек жеңіске жетуге ғана емес, өз күшіне сенуге, жаңа мүмкіндіктерді ашуға, қоғамның белсенді мүшесі болуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жарыстың маңызы ерекше – ол адамдарды біріктіреді, шабыттандырады және көптеген адамның өмірін жақсы жаққа өзгертеді.
Паралимпиадалық ат спорты бойынша Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының Кубогын Райхан Баирқанова жеңіп алды. Ол Grade I медициналық жіктемесі бойынша өнер көрсетеді. Бұл санатқа тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары ең ауыр деңгейдегі спортшылар жатады. Райханның жеңісі – нағыз күштің жүректе болатынын дәлелдейтін жарқын үлгі.
Арнайы Олимпиада бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының Кубогын Олег Старцев жеңіп алды. Ол – 2023 жылғы Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының қатысушысы әрі жүлдегері. Бұл жеңіс – қажырлы еңбек пен табандылықтың, спортқа деген адалдықтың нәтижесі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді, жаттықтырушыларды, ата-аналарды, еріктілерді және осы ерекше спорт мерекесінің бір бөлшегі болған барлық жанды шын жүректен құттықтаймыз! Сіздер нағыз чемпионның өлшемі медальмен емес, рухының мықтылығымен, өзіне деген сенімімен және алға ұмтылысымен бағаланатынын дәлелдеп келесіздер.
Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясы жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен «Титан» ат клубына және «Ақ Тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоғамдық қорына шынайы алғысын білдіреді.