Қазақстан Ташкент төрінде мықты нәтиже көрсетті
Ташкент қаласында өткен конкур бойынша Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Әлем кубогы кезеңі Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды. Үш күнге созылған додада біздің спортшылар тұрақты нәтиже көрсетіп, бірнеше жүлделі орындарға ие болды.
Алғашқы күннен-ақ қазақстандық шабандоздар жоғары деңгейін көрсетті. 120 см маршрутта Бекжан Байжанұлы (KING DIAMOND) 1 орын алып, жарысты сенімді бастады.
Сол бағытта Олег Соколенко (SHENANIGAN) 3 орын, ал Ислам Исламов (CLASSICA STAR) 6 орын иеленді.
140 см биіктіктегі World Cup Grand Prix Qualifier маршрутында да құрамамыз мықты нәтиже көрсетті:
Ксения Баталова (LADY DI) – 1 орын,
Олег Соколенко (CINDERELLA) – 2 орын,
Нурила Турисбекова (QUIBELLE VAN D’ABELENDREEF) – 3 орын,
Раиса Соколенко (URAN – NAD WIGRAMI) – 5 орын.
Келесі күндері де Қазақстан құрамасы қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Олег Соколенко мен оның тұлпары SHENANIGAN 125 см маршрутта алтын жүлде жеңіп алып, команданың қоржынын толықтырды.
Конкур бойынша Әлем кубогы кезеңінің кіші шеңберінде жүлдегерлер:
Раиса Соколенко – 3 орын
Даяна Онаева – 4 орын
Ислам Исламов – 5 орын
Жарыстың шарықтау шегі – 155 см биіктіктегі Гран-при болды. Бұл маршрут тек жүлде үшін ғана емес, сонымен қатар конкур бойынша Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі саналады. Қатаң бәсекеде 14 спорттық жұп бақ сынап, әрбір секунд пен әрбір қателік шешуші рөл атқарды.
Гран-при қорытындысы бойынша Олег Соколенко мен оның тұлпары CINDERELLA 3 орын иеленіп, Қазақстан құрамасының нәтижелі өнерін қорытындылады.
Жалпы алғанда, бұл турнир Қазақстан үшін тек жекелеген жеңістер емес, команданың тұрақтылығы мен кәсіби деңгейін көрсеткен жарыс болды. Қазақстан құрамасы халықаралық аренада тағы да өз деңгейін дәлелдеп, ел намысын абыроймен қорғады.