Советхан Хадия: Спорттағы жол әрдайым оңай бола бермейді

Советхан Хадияның айтуынша, спорттағы жол әрдайым оңай бола бермейді. Бірақ дәл осы сынақтар адамды шыңдайды. Ең бастысы — тәртіп, табандылық және өз-өзіне деген жауапкершілік. Осы қасиеттер шабандозды кез келген кедергіден өтуге жетелейді.
Хадия үшін атқа міну — жай ғана спорт емес. Қазақ халқы үшін жылқымен біте қайнасқан өмір салты, шабу өнері — қанмен берілген қасиет. Бұл — тарихтан бастау алған рухтың, мінездің және еркіндікке деген ұмтылыстың көрінісі.
Хадия 14 жаста, конкур дисциплинасында өнер көрсетеді. Ат спортына деген жолы ерте жастан басталды: үш жасында алғаш рет атқа отырды, ал алты жасынан бастап жаттығуларды жүйелі түрде бастады. Соңғы бес жыл бойы оның сенімді серігі — Тасқара есімді аты. Бұл тандемді өзара сенім мен үйлесім біріктіреді.
Ағымдағы маусымда Хадия Еуразиялық лиганың Әлем кубогы кезеңдерінде, жасөспірімдер мен юниорлар арасындағы чемпионатта, Қазақстан Республикасының чемпионатында, облыстық чемпионатта, сондай-ақ Ресейде және еліміздің әр өңірінде өткен ұлттық жарыстарда бақ сынады.
Спортшының дайындығы Қорғанбеков Нұрмұхамедтің жетекшілігімен өтуде.
Қазақстан Республикасының Ат спорты федерациясы жас шабандоздардың еңбегі мен табандылығын жоғары бағалайды және олардың үлкен спорттағы жолына әрдайым қолдау көрсетеді.