ҰОК басшысы АСФ президентімен кездесті

Бүгін Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Геннадий Головкин ҚР Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиевпен кездесті.
Екі жақ Қазақстандағы ат спортының дамуы, халықаралық жарыстарға қатысатын спортшыларды даярлау мен қолдау мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту, ұлттық құраманың дайындық деңгейін жақсарту және ат спортының әлеуетін арттыру туралы айтылды. Олимпиадалық ат спорты түрлерінің мәртебесін көтеруге және елдің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Кездесуде алдағы шаралар, Ат спорты федерациясы командасын турнирлерге дайындау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жоспарлар талқыланды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын абыроймен өткізді. Президент көшпенділердің жаһандық даму үдерісіне қосқан үлесін жоғары атап өтті. Қазақстан үшін ат спорты – бұл ұлттық мұра және әлемдік аренаға шығудың маңызды қадамы. Біздің мақсатымыз – еліміздің халықаралық сайыстардағы позициясын нығайту, жас таланттардың өсуіне жағдай жасау, ат спорты түрлерін кеңірек насихаттап, деңгейін көтеріп, оны әлемде бәсекеге қабілетті ету, – деп Рустам Баялиев, ұлттық құндылықтарды халықаралық аренада паш ету маңызды міндеттердің бірі екенін ерекше атап өтті.
Қазақстан Республикасының Ат спорты Федерациясының баспасөз қызметі