Жаңалықтар

Хадия Советхан Оңтүстік Кореяда өткен турнирде алтын медаль жеңіп алды

Астана қаласының өкілі Хадия Советхан Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында өтіп жатқан II Азиялық жасөспірімдер арасындағы халықаралық конкур турнирінде (2nd 2026 Asian Nations Invitational Youth Pony Show Jumping Competition) тамаша жеңіске жетіп, бірінші орынды иеленді.
24–28 қараша аралығында Чеджу провинциясының ат спорты федерациясы (JJEF) мен Корея ат спорты федерациясының (KEF) қолдауымен ұйымдастырылған бәсекеге Азия елдерінің 12–16 жас аралығындағы ең үздік 30 жас шабандозы қатысты. Турнир регламентіне сәйкес әр елден екі спортшы және бір жаттықтырушы бақ сынады.
Оңтүстік Кореядағы бұл жеңіс 14 жастағы астаналық спортшы үшін маусымдағы сәттіліктің заңды жалғасы болды. Бұған дейін, 8 қарашада Астанада өткен ел біріншілігінде Хадия Советхан Таскара есімді сәйгүлікпен жасөспірімдер арасында конкурдан Қазақстан Республикасының чемпионы атанған еді.
Чеджудегі халықаралық додада Қазақстан құрамасының екінші жолдамасын иеленген Яна Жемчужина да жоғары нәтиже көрсетіп, турнирдің үздік ондығына енді. Спортшыларды халықаралық жарысқа білікті бапкер Екатерина Гурова дайындады.
Астаналық жас шабандоздардың беделді Азия турниріндегі жарқын жеңісі отандық ат спорты мектебінің жоғары деңгейін дәлелдеп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайта түсті.

Back to top button