Президент назарындағы сала: Қазақстандағы ат спорты жаңа кезеңге бет алды
Жаттықтырушымен және спортшымен эксклюзив сұхбат
Қазақстанда ат спорты соңғы уақытта ең жоғары деңгейде назарға ілігіп келеді. Жақында Қасым-Жомарт Токаев өзінің тұлпарларын, соның ішінде Ақжан есімді ахалтеке құлынын көрсеткен жазба жариялап, қоғамда кең талқы тудырды.
Мемлекет басшысы құлынға есімді өзі қойғанын және жылқылардың күтім жағдайын жеке бақылауда ұстайтынын атап өтті. Бұл жайт сала үшін маңызды белгіге айналып, дамудың жаңа бағытын айқындады, жылқы күтімі мен селекция сапасын арттырудан бастап, Қазақстанның халықаралық спорт кеңістігіндегі орнын нығайтуға дейінгі кешенді өзгерістердің бастауы ретінде бағаланды.
Ат спортының қазіргі ахуалы, мемлекеттік қолдаудың рөлі және даму келешегі туралы біз Алматы облысының аға жаттықтырушысы Медет Маулетбеков пен конкур бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан чемпионы Нурила Турисбековамен әңгімелестік.
Жаттықтырушы: «Президент деңгейіндегі назар – бүкіл жүйеге бағдар береді»
– Бүгінде Қазақстандағы ат спортының даму деңгейін қалай бағалайсыз?
– Қазіргі таңда, әсіресе олимпиадалық бағыттарда оң серпін байқалады. Спортшылардың дайындық деңгейі артып, «шабандоз – жылқы» арасындағы үйлесім жақсарып келеді. Халықаралық жарыстарға қызығушылық та өсуде. Дегенмен, бар әлеуетті толық іске асыру үшін салаға жүйелі даму мен қосымша мемлекеттік қолдау қажет.
– Президенттің, соның ішінде Ақжан тұлпарын таныстыруы салаға қалай әсер етеді?
– Мемлекет басшысының ат спорты мен жылқы күтіміне жеке көңіл бөлуі – бүкіл жүйеге нақты бағдар береді. Бұл жай ғана ақпараттық оқиға емес, бұл – басым бағытты айқындайтын сигнал. Мұндай назар саладағы тәртіпке, талапқа және жұмыс сапасына тікелей ықпал етеді.
– Жылқы күтімі мен дайындығының стандарттары өзгере ме?
– Әрине. Мұндай деңгейдегі сигналдар әдетте талаптардың күшеюіне және көзқарастың қайта қаралуына алып келеді. Бұл әрі күтім сапасына, әрі спорттық дайындық деңгейіне әсер етеді. Ал талап артқан жерде сапа да өседі.
– Осындай бастамалардан кейін мемлекеттік қолдау күшейе ме?
– Тәжірибе көрсеткендей, ел басшылығы деңгейінде назар аударылған салаларда қолдау міндетті түрде күшейеді. Бұл тек спортқа емес, жалпы жылқы шаруашылығына – селекцияға, инфрақұрылымға, кадр даярлауға да қатысты. Бұл өз кезегінде бүкіл саланың дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз.
Спортшы: «Бұл – мотивацияны арттырып, халықаралық беделді күшейтеді»
– Президенттің ат спортына назар аударуы спортшылар үшін ынталандырушы фактор бола ала ма?
– Әрине, бұл – үлкен мотивация. Мемлекет деңгейінде қолдау көрсетілгенін сезіну спортшыға сенім береді, еңбегінің бағаланатынын аңғартады. Бұл жауапкершілікті де арттырады.
– Бұл халықаралық деңгейде Қазақстан спортшыларының имиджіне қалай әсер етеді?
– Бұл елдің халықаралық аренадағы қабылдануына тікелей ықпал етеді. Мемлекеттік қолдау артқан сайын, сыртқы сенім де күшейеді. Қазақстан ат спортына жүйелі түрде көңіл бөлетін, бәсекеге қабілетті ел ретінде таныла бастайды.
– Жоғары нәтижеге жетуде жылқы сапасының маңызы қаншалықты?
– Конкур мен мәнерлеп атпен жүру сияқты бағыттарда жылқы деңгейі шешуші рөл атқарады. Бұл спортта жылқы – табыстың тең жартысы. Дайындығы жоғары тұлпарсыз жоғары нәтиже көрсету мүмкін емес.
– Элиталық жылқылардың пайда болуы нәтиженің өсуіне әсер ете ме?
– Әрине. Мұндай жылқылар спортшылардың мүмкіндігін кеңейтеді, жоғары деңгейге шығуына жол ашады. Халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуға ықпал етеді. Бұл – олимпиадалық ат спортының дамуы үшін аса маңызды фактор.
Қорытынды пікір
Сарапшылардың пікірінше, ат спортына Президент деңгейінде көңіл бөлінуі тек ақпараттық сипатпен шектелмей, нақты өзгерістерге жол ашады.
Ақжан құлынға қатысты оқиға – осы үдерістің символы іспетті. Бұл жекелеген бастамалардан жүйелі дамуға көшу кезеңін көрсетеді.
Бүгінде Қазақстандағы ат спорты жаңа белеске қадам басып отыр. Мұнда сапалы дайындық, селекцияның дамуы, инфрақұрылым және мемлекеттік қолдау негізгі факторға айналуда.
Мамандардың айтуынша, дәл осындай кешенді көзқарас қана саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, елдің халықаралық деңгейдегі орнын нығайта алады.
