Қазақстан Ташкент төрінде мықты нәтиже көрсетті

Ташкент қаласында өткен конкур бойынша Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Әлем кубогы кезеңі Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды. Үш күнге созылған додада біздің спортшылар тұрақты нәтиже көрсетіп, бірнеше жүлделі орындарға ие болды.
Алғашқы күннен-ақ қазақстандық шабандоздар жоғары деңгейін көрсетті. 120 см маршрутта Бекжан Байжанұлы (KING DIAMOND) 1 орын алып, жарысты сенімді бастады.
Сол бағытта Олег Соколенко (SHENANIGAN) 3 орын, ал Ислам Исламов (CLASSICA STAR) 6 орын иеленді.
140 см биіктіктегі World Cup Grand Prix Qualifier маршрутында да құрамамыз мықты нәтиже көрсетті:
Ксения Баталова (LADY DI) – 1 орын,
Олег Соколенко (CINDERELLA) – 2 орын,
Нурила Турисбекова (QUIBELLE VAN D’ABELENDREEF) – 3 орын,
Раиса Соколенко (URAN – NAD WIGRAMI) – 5 орын.
Келесі күндері де Қазақстан құрамасы қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Олег Соколенко мен оның тұлпары SHENANIGAN 125 см маршрутта алтын жүлде жеңіп алып, команданың қоржынын толықтырды.
Конкур бойынша Әлем кубогы кезеңінің кіші шеңберінде жүлдегерлер:
Раиса Соколенко – 3 орын
Даяна Онаева – 4 орын
Ислам Исламов – 5 орын
Жарыстың шарықтау шегі – 155 см биіктіктегі Гран-при болды. Бұл маршрут тек жүлде үшін ғана емес, сонымен қатар конкур бойынша Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі саналады. Қатаң бәсекеде 14 спорттық жұп бақ сынап, әрбір секунд пен әрбір қателік шешуші рөл атқарды.
Гран-при қорытындысы бойынша Олег Соколенко мен оның тұлпары CINDERELLA 3 орын иеленіп, Қазақстан құрамасының нәтижелі өнерін қорытындылады.
Серіктес елдердің өкілдері де біздің спортшылардың өнеріне жоғары баға берді. Еуразиялық ат спорты қауымдастығының президенті, Ресейдегі ат спортының жетекшісі Марина Сечина:
«Қазақстан алғаш рет 40 үздік жылқыны алып келді. Биыл Қазақстан құрамасы өте жоғары нәтиже көрсетіп отыр», — деп атап өтті.
Жалпы алғанда, бұл турнир Қазақстан үшін тек жекелеген жеңістер емес, команданың тұрақтылығы мен кәсіби деңгейін көрсеткен жарыс болды. Қазақстан құрамасы халықаралық аренада тағы да өз деңгейін дәлелдеп, ел намысын абыроймен қорғады.
Енді біздің спортшылар Бішкекте өтетін Әлем кубогының кезеңіне дайындалу үстінде, онда 160 см биіктіктегі Гран-при бағыты өтеді. Ал 28-31 мамыр аралығында Астана төрінде Әлем кубогының кезеңін қабылдаймыз.
Аталған турнирлер аясында спорттық жұптар биыл Германияның Аахен қаласында өтетін World Equestrian Games Aachen әлем чемпионатына қатысу үшін іріктеу нормативтерді орындауға мүмкіндік алады.
Қазақстан ат спорты федерациясы жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін Өзбекстан ат спорты федерациясы тарапына шынайы алғысын білдіреді. Турнирдің кәсіби деңгейде өтуі, қатысушыларға жасалған жағдай және жарыстың халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылуы ерекше атап өтілді. Осындай ынтымақтастық пен қолдау өңірлік ат спортының дамуына және халықаралық серіктестікті нығайтуға маңызды үлес қосады.