Жеребеден кейін өнер көрсету тәртібін нақты жоспарлаймыз – Азамат Хасенов

Қазақстандық шабандоздар Азия ойындарындағы жеребе тарту рәсімі алдында соңғы жаттығуларын өткізіп жатыр. Ұлттық құрама конкур жарысына 20 жылдық үзілістен кейін қайта оралып отыр, спортшыларымыз бұл санатта 2006 жылдан бері бақ сынамаған еді. Осы ретте аға бапкер, спорт шебері Азамат Хасеновпен тілдестік.
– Ұлттық құраманың дайындығы қалай өтіп жатыр? Қазір команда қай кезеңде?
– Қазір бүкіл команда дайындыққа барынша көңіл бөліп жатыр. Спортшылар жоспар бойынша жаттығып, біртіндеп жарысқа жақындап келеміз. 20 жылдық үзілістен кейін Қазақстанның қайтадан осы деңгейде өнер көрсетуі – біз үшін өте маңызды оқиға. Еліміздің намысын абыроймен қорғап, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.
– Команда Токио жағдайына қалай бейімделді?
– Жалпы, бейімделу жақсы өтіп жатыр. Жергілікті жағдайларды ескеріп, шабандоздар мен аттардың жағдайын жіті бақылауда ұстап отырмыз. Қазір ең бастысы – дайындықтың соңғы кезеңін сабырмен аяқтап, жарысқа толық көңіл бөлу.
– Алда жеребе тарту рәсімі. Оның команда үшін маңызы қаншалықты?
– Әрине, жеребенің маңызы бар. Себебі өнер көрсету тәртібі мен қарсыластарға байланысты тактика белгілі бір деңгейде өзгереді. Жеребеден кейін жарыста өнер көрсетуімізді нақтырақ жоспарлаймыз. Дегенмен ең бастысы – өз дайындығымызды көрсету және нәтижеге жұмыс істеу.
– Спортшылардың жарыс алдындағы көңіл күйі қалай?
– Көңіл күй жақсы. Барлығы жауапкершілікті түсінеді және бұл жерге не үшін келгенін біледі. Қазір артық қысым жасамай, дайындық пен жарысқа толық назар аударуға тырысып жатырмыз. Басты міндет – команданың қолынан келетіннің барлығын көрсету. Әр спортшы өз дайындығын барынша жүзеге асырып, өз деңгейінде өнер көрсетуі керек. Әрине, лайықты нәтиже үшін күресіп, жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет. Командаға жарқын жеңістер тілейміз!