Азиадаға дайындық барысы пысықталды

ҚР Ат спорты федерациясының басшысы Рустам Баялиевтің төрағалығымен ұлттық құрама спортшылары және бапкерлерінің қатысуымен кеңес өтті.
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында өтетін жазғы Азиада ойындары қарсаңында ұйымдастырылған кездесуге Еуропада оқу-жаттығу жиынында жүрген спортшылар мен бапкерлер Zoom платформасы арқылы қашықтан қосылды.
Кеңес барысында ұлттық құраманың Еуропадағы дайындық кезеңінің нәтижелері талқыланды. Сонымен қатар спорттық жылқылардың жай-күйі және оларды Жапонияға жөнелтуге дайындық, алдағы ұйымдастыру жұмыстары және жарысқа дейінгі кезеңнің негізгі мәселелері қаралды.
Қатысушылар құрама мүшелерінің жарысқа толық дайындықпен баруын қамтамасыз етуге қатысты мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кездесу ұлттық құраманың Жапониядағы жауапты додаға дайындығын қорытындылай бағалап, алдағы кезеңге деген ортақ көзқарасты қалыптастырды.