Спорт күні құтты болсын!

Спорт күні – ел спортының жетістігін саралап қана қоймай, оның болашағына көз жүгіртетін маңызды мереке. Осы ретте Қазақстанда ежелден келе жатқан ат мәдениеті мен заманауи спорттық дәстүрді тоғыстырған ат спортының дамуы айрықша мәнге ие.
Кейінгі жылдары елімізде ат спортының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеті артып келеді. Қазақстандық шабандоздар шетелдік ірі турнирлерде жүлделі орындар иеленіп, ел ішінде халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесі де кеңейе түсті.
Қазақстанның Халықаралық ат спорты федерациясымен (FEI) ынтымақтастығы да жаңа деңгейге көтерілді. 2026 жылы еліміздің алғаш рет FEI Jumping World Challenge финалын қабылдауы Қазақстанның әлемдік ат спорты картасындағы орнының нығая түскенін көрсетті. Биылғы мамырда Астанада FEI Jumping World Cup Еуразиялық лигасының кезеңі, FEI Jumping World Challenge Final және халықаралық атпен мәнерлеп жүру жарыстары қатар өтіп, Қазақстан спортшылары жалпы 14 медаль жеңіп алды. Астанадағы халықаралық стандарттарға сай «Арғымақ» ат спорты кешенінің мүмкіндігі де елімізде жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге жол ашып отыр.
Бүгінде әлемдік ат спортында басты назар тек нәтиже мен рекордқа емес, жылқының әл-ауқатына, қауіпсіздікке, жас спортшыларды даярлауға, білім мен цифрлық технологияларды дамытуға аударылады. FEI-дің 2025–2029 жылдарға арналған стратегиясында жылқының әл-ауқаты мен спорттағы қауіпсіздік негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген.
Қазақстан ат спорты да осы халықаралық үрдістермен бірге дамып келеді. Жас шабандоздарға мүмкіндік беру, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру, халықаралық жарыстар санын көбейту және жылқыға деген жауапты қарым-қатынасты күшейту – саланың алдағы кезеңдегі маңызды бағыттары.
Спорт күні құтты болсын!
Ат үстіндегі әр жеңіс – спортшының ғана емес, елдің абыройы. Қазақстандық шабандоздарға биік белестер, жүйрік арғымақтарға мықты денсаулық, ал отандық ат спортына әлемдік аренада жаңа жеңістер тілейміз!