Жаңалықтар

ҚР Ат спорты федерациясы мен Қазақ ұлттық спорт университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2026 жылғы 11 тамызда «Қазақстан Республикасының Ат спорты федерациясы» РҚБ мен «Қазақ ұлттық спорт университеті» ЖШС білім, ғылым және спорт салаларындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ ат спорты бағытында мамандар даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастық аясында білікті кадрлар даярлау, ғылыми-әдістемелік базаны дамыту, спортшылар мен сала мамандарын даярлауға заманауи тәсілдерді енгізу мақсатында тараптардың кәсіби және академиялық әлеуетін біріктіру көзделіп отыр.

Басты назар ат спортының олимпиадалық — конкур, атпен мәнерлеп жүру және үшсайыс түрлеріне аударылады. Негізгі бағыттардың қатарында білім беру бағдарламаларын бірлесіп іске асыру, семинарлар, тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізу, студенттердің кәсіби практикасын ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту бар.

Жекелеген бағыт ретінде мамандар даярлау жүйесін Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) халықаралық стандарттары мен білім беру тәсілдерін ескере отырып дамыту қарастырылған. Бұл ретте жаттықтырушылардың, төрешілердің, техникалық ресми тұлғалардың және саланың басқа да мамандарының біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Федерация практикалық сабақтар өткізу, студенттердің кәсіби практикасына жетекшілік ету, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысу, сондай-ақ бейінді мамандар мен сарапшыларды тартуды қоса алғанда, білім беру процесіне қатысатын болады.

— Бүгінде Қазақстанда ат спорты жаңа даму кезеңіне өтіп келеді. Ел ішінде жарыстардың саны мен деңгейі артып, жас спортшыларды даярлауға, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін жетілдіруге көбірек көңіл бөлініп отыр.

Қазақстанның Халықаралық ат спорты федерациясымен байланысы да нығайып келеді. 2026 жылы елімізде FEI аясында үш ірі халықаралық турнир – Әлем кубогының кезеңі, FEI Challenge финалы және Еуразиялық лига финалын өткізу жоспарланды. Бұл – Қазақстанның халықаралық ат спорты картасындағы орнының нығайып келе жатқанын көрсететін маңызды қадам.

Айта кету керек, бүгін Аахенде FEI әлем чемпионаты басталады. Бұл — ат спортының бірнеше олимпиадалық және параспорт бағытын қамтитын әлемдік деңгейдегі басты жарыстардың бірі. Мұндай жарыстар бізге спорттың қай бағытта дамып жатқанын, қандай талаптар мен технологиялардың алға шыққанын көруге мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін ендігі міндет – халықаралық деңгейдегі талаптарға сай спортшы ғана емес, білікті жаттықтырушы, төреші, менеджер және ат спорты саласының кәсіби мамандарын қалыптастыру.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның ұлттық спорт университетімен арадағы бүгінгі меморандумның маңызы зор. Университеттің қазіргі моделі спорт, ғылым және білімнің тоғысуына негізделген. Мұнда болашақ жаттықтырушылар мен спорт индустриясының мамандарына теориялық біліммен қатар, спорт ұйымдары мен федерациялардағы практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік берілетіні біз үшін өте маңызды.

Федерация үшін университетпен әріптестік – жас мамандарды спорт саласына тартудың, ғылыми және әдістемелік әлеуетті пайдаланудың, ат спорты бойынша кәсіби кадрлар даярлаудың жаңа мүмкіндігі, — деді «Қазақстанның ат спорты федерациясы» РҚБ басшысы Рустам Баялиев.

Меморандумға қол қою аясында Федерация университет кітапханасына ат спорты туралы арнайы әдебиеттерді сыйға тартты. Бұл бастама университеттің оқу-әдістемелік базасын кеңейтуге және салада болашақ мамандарды даярлауды қолдауға бағытталған.

— Бұл кітаптарымыз осы ынтымақтастықтың символдық мәні бар алғашқы қадамдарының бірі деп білемін. Кітап – тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құрал. Біз студенттердің ат спорты туралы тек жарыстардан ғана емес, кәсіби әдебиеттен, ғылыми еңбектерден және озық халықаралық тәжірибеден де білім алғанын қалаймыз, — деді Федерация басшысы.

Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды кезең-кезеңімен дамытып, бірлескен білім беру, ғылыми және спорттық бастамаларды жүзеге асыруды, сондай-ақ ұлттық басымдықтар мен халықаралық талаптарға сай мамандар даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастыру үшін күш-жігерді жұмылдыруды көздейді.

Back to top button