ҚР Ат спорты федерациясы Бенилюкс Сауда палатасымен ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының басшысы Рустам Баялиевтің Бенилюкс Сауда палатасының президенті, Бельгия Корольдігінің Құрметті консулы Денис Ван ден Вегемен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Бенилюкс елдері арасындағы ат индустриясы және онымен сабақтас салалардағы ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланды.
Тараптар қазақстандық және еуропалық ұйымдар мен компаниялар арасында тікелей байланыс орнату, кәсіби тәжірибе алмасу, сондай-ақ өзара ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындау мәселелерін қарастырды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі ат индустриясының коммерциялық әлеуеті болды. Осы бағытта жылқы шаруашылығы мен селекция, ветеринария, мамандандырылған жабдықтар мен ат әбзелдері, заманауи технологиялар, сондай-ақ ат спорты инфрақұрылымын дамытуға арналған шешімдер талқыланды.
Бельгия және Бенилюкс елдері ат индустриясында мол тәжірибеге және халықаралық деңгейде жоғары беделге ие. Бұл Қазақстан үшін спорттық қана емес, коммерциялық бағытта да өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға кең мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясы мен Бенилюкс Сауда палатасы арасындағы ынтымақтастықтың нақты бағыттарын бірлесіп пысықтап, өзара диалогты жалғастыруға ниетті екендіктерін растады.