Астанада халықаралық FEI бапкерлік курсы өтеді: тіркеу басталды

2-3 қараша күндері Астана қаласындағы «Арғымақ» ат спорттық сауықтыру кешенінде Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) «Бапкерлікке кіріспе» (Introduction to Coaching) атты халықаралық оқу бағдарламасы өтеді.
Бұл – FEI бапкерлік білім беру жүйесінің алғашқы сатысы және болашақта І деңгейлі (Level 1) халықаралық сертификаттау курсына қатысу үшін міндетті курс.
Екі күндік оқу бағдарламасы қатысушыларды жүйенің негізгі әдістемелерімен таныстыруға және ат спортындағы қауіпсіздік пен кәсіби бапкерліктің іргетасын қалауға бағытталған.
Бағдарламаның негізгі бағыттары мен меңгерілетін дағдылар:
• Спорт ережелері мен этикасы: Ат спорты түрлерін реттейтін халықаралық ережелер, «Таза спорт» (Clean Sport) концепциясы және жануарлардың әл-ауқатын қорғаудың FEI кодексі.
• Бапкерлік тактика және рөлі: Сабақтарды жоспарлау, бапкердің кәсіби сапаларын дамыту және жаттығу жазбаларын жүргізу әдістемесі.
• Қауіпсіздік және алғашқы көмек: Атпен жұмыс істеу және жабдықтарды тексеру ережелері, атшабардың жарамдылығын бағалау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру. Бағдарламада мүмкіндігі шектеулі спортшыларды жаттығуларға кіріктірудің моральдық маңыздылығына ерекше назар аударылған.
• Практикалық дағдылар: Конкур және мәнерлеп жүру бойынша базалық қалыптар, көмекші құралдарды қолдану және секірудің бес фазасын түсіндіру ережелері.
FEI осы бағдарлама арқылы спортшылардың әлеуетін арттырып, қауіпсіз әрі жағымды спорттық орта қалыптастыруды мақсат етеді.
Курсқа жасы 18-ден асқан, ат күтімі мен ат үстінде жүру бойынша базалық білімі бар мамандар қатыса алады.
Байланыс номері: +7 707 559 5514



