Жаңалықтар

Халықаралық ат спорты федерациясының президенті Ингмар Де Вос Рустам Баялиевпен кездесті

Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Вос Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының басшысы Рустам Баялиевпен кездесті. Сондай-ақ ол конкурдан Әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалы өтіп жатқан «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенін аралап, жарыс алаңының инфрақұрылымымен танысты.

Астанаға алғаш рет келген FEI басшысы қаланың заманауи сәулетіне тәнті болғанын айтып, Қазақстандағы ат спортының соңғы жылдардағы қарқынды дамуына жоғары баға берді.

«Мен Астанаға алғаш рет келіп отырмын. FEI президенті қызметіне кіріскен кезде өзіме дейін осы қызметті атқарған мәртебелі ханшайым Хайяның Астанаға сапарынан түсірілген көптеген суретті көрген едім. Қала мені қатты таңғалдырды. Инфрақұрылымы керемет, өте заманауи шаһар. Елордамен танысуымды одан әрі жалғастыруды асыға күтемін.

Менің ойымша, федерацияның жаңа басшысы мен оның командасының жетекшілігімен сіздердің елдеріңізде ат спорты айтарлықтай дамып, жаңа деңгейге көтерілді. Жарыстарды әлі тамашалап үлгермедім, бірақ алдағы Гран-при бәсекесін асыға күтіп отырмын», – деді Ингмар Де Вос.

Қазақстан үшін FEI-мен ынтымақтастық – ат спортын дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі. Соңғы жылдары еліміз халықаралық байланыстарды кеңейту және ұлттық федерацияның институционалдық әлеуетін нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Атап айтқанда, Қазақстан құрамасының 20 жылдық үзілістен кейін конкурдан Азия ойындарына қатысуы, FEI аясында халықаралық жарыстардың өткізілуі және конкурдан Еуразиялық лиганың іске қосылуы отандық ат спортының дамуындағы маңызды кезеңдер болды.

Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, ұлттық федерацияны қолдау және қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, Ингмар Де Вос Астанада өтетін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесінің отырысына қатысады.

Back to top button