Медальдан қымбат тәжірибе: Құраманың Азиададағы нәтижесі не үйретті?

Спортты дамыту дирекциясы конкурдан ұлттық құрамасының аға бапкері Азамат Хасенов Токиода өткен Азия ойындарындағы командалық жарыстың қорытындысына қатысты пікір білдірді. Ол қазақстандық шабандоздардың өнерін егжей-тегжейлі талдап, 20 жылдық үзілістен кейін бұл деңгейге қайта оралудың өзі елді танытудың бірегей мүмкіндігі болғанын баса айтты. Сондай-ақ бапкер отандық ат спорты мектебінің ары қарай дамуына жол ашатын стратегиялық қадамдар айқындалғанын жеткізді.
— Ең алдымен, Қазақстанның конкурдан ұлттық құрамасының 20 жылдан кейін Азия ойындарына қайта оралғанын ерекше атап өткім келеді. Біз 2006 жылдан бері бұл деңгейдегі жарыстарға қатысқан жоқпыз. Сондықтан мұның өзі – тарихи маңызы зор қадам. Мұндай ауқымды турнирге дайындық Туризм және спорт министрлігінің, Ұлттық Олимпиада комитетінің және Қазақстан Ат спорты федерациясының жүйелі әрі ауқымды жұмысының арқасында мүмкін болды. Олардың жан-жақты қолдауы команданы қайта жасақтап, отандық ат спортын осындай жоғары халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік берді.
Жасыратын жоқ, біз өз мүмкіндіктерімізді бастапқыдан-ақ білдік. Токио мен JRA Equestrian Park аренасы – Олимпиада нысаны. Ал Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Жапония құрамалары әлемнің ең мықты шабандоздары мен жоғары деңгейдегі спорттық жылқыларын алып келді. Біз үшін танымал шеберлермен бір аренада иық тіресе, тең дәрежеде бәсекеге түсу мүмкіндігінің өзі – орасан зор тәжірибе әрі зор мақтаныш.
Өнер көрсету барысына тоқталсақ, дебютанттарды ерекше атап өткен жөн. Ксения Баталова мен Нұрила Тұрысбекова жақсы дайындықтан өткенімен, бұл олар үшін күрделі психологиялық сынақ болды. Үлкен стадиондағы атмосфера мен ел алдындағы орасан жауапкершілік қосымша қысым тудырды. Бірінші гитте спортшылар бар күшін салды, алайда толқудың салдарынан биіктігі 140–145 см болатын күрделі маршрутта қателіктер жіберілді. Тәжірибелі спорт шеберлері Олег пен Раиса Соколенко командаластарына барынша қолдау көрсетіп, кеңес беріп, психологиялық қысымды жеңуге көмектесті. Бұл нағыз командалық рухтың көрінісі болды.
Екінші гитте де спортшылар бар күшін салды. Алайда Азия ойындарының регламентіне сәйкес, айып ұпайларының көп болуына байланысты команда осы кезеңдегі жарысын аяқтады. Бұл – спорт. Ал мұндай жоғары деңгейде бір секундтың немесе сәл сүрінудің өзі өте қымбатқа түседі.
Біз мұны сәтсіздік деп қарастырмаймыз. Керісінше, бұл турнир біз үшін стратегиялық бағдар болды. Әлемдік көшбасшылардан нақты нені үйренуіміз керек екенін және алдағы уақытта қандай қадамдар жасау қажеттігін анық талдадық. Енді оқу-жаттығу процесін қалай түзету керектігін, секірудің техникалық базасын және ат-шабандоз жұбының тактикалық дайындығын қалай күшейту қажеттігін білеміз. Біздің жылқыларымыз жақсы, шабандоздарымыздың ынтасы жоғары. Ендігі міндетіміз – халықаралық деңгейдегі тәжірибені арттыру үшін осындай ірі турнирлерге тұрақты түрде қатысу.