Алматы облысында мәнерлеп жүруден Федерация кубогының III кезеңі өтеді

14–15 тамыз күндері Алматы облысындағы «Батист» ат спорты клубының базасында ат спортының мәнерлеп жүру түрінен Федерация кубогының ІІІ кезеңі өтеді.
Жарыс Федерация кубогы сериясы аясындағы жеке сындар бойынша ұйымдастырылады. Онда «Балалар», «Жасөспірімдер», «Юниорлар», «Кіші шеңбер», «Жас жылқылар» және «Өңірлік ойындар» мен FEI Challenge Cup бағдарламасы санатындағы қатысушылар бақ сынайды.
Жарыстың екінші күні спортшылар КЮР бағдарламасы бойынша өнер көрсетеді. Музыкалық сүйемелдеумен өтетін еркін бағдарлама мәнерлеп жүрудің ең әсерлі әрі көрермен ерекше қызығушылық танытатын сайыстардың бірі саналады.
Федерация кубогының ІІІ кезеңіне халықаралық дәрежедегі төреші, Беларусь Республикасының өкілі Наталья Рубашко төрелік етеді.
Сонымен қатар 16 тамыз күні Наталья Рубашко қазақстандық жаттықтырушыларға, спортшыларға және ресми тұлғаларға арналған семинар өткізеді. Семинардың мақсаты – спортшылардың даярлық деңгейін және еліміздің төрешілер корпусының кәсіби біліктілігін арттыру.