Жаңалықтар

Қазақстанның ат спорты федерациясы паралимпиадалық және Арнайы Олимпиада бағдарламалары бойынша екі республикалық турнир өткізеді

2026 жылғы 23–24 шілде күндері Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы, Винное ауылындағы «Титан» ат спорты кешенінде бір мезгілде екі ірі республикалық жарыс өтеді: Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының Ашық кубогы (паралимпиадалық бағдарлама) және Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының Ашық кубогы (Арнайы Олимпиада бағдарламасы).

Аталған турнирлердің мақсаты – Қазақстанда бейімделген ат спортының дамуына серпін беру, мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін тең мүмкіндік қалыптастыру, олардың спорттық шеберлігін арттыру, болашағы зор шабандоздар мен аттарды анықтау, сондай-ақ инклюзивті спортты және белсенді өмір салтын кеңінен насихаттау.

Жарыстар Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының ұйымдастыруымен өтеді. Сонымен қатар ұйымдастырушылар қатарында «Титан» ат спорты кешені мен «Ақ Тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоғамдық қоры бар.

Турнир бағдарламасына мәнерлеп атқа міну (выездка) және ағылшын стиліндегі трейл («Жұмыс соқпағы») дисциплиналары енгізілген. Арнайы Олимпиада бағдарламасының қатысушылары міндетті дивизиондық іріктеуден өтіп, дайындық деңгейіне сәйкес өз дивизиондарында бақ сынайды.

Жарыс бағдарламасы ветеринариялық тексеруден, салтанатты ашылу рәсімінен, жарыс кезеңдерінен және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімінен тұрады. Үздік спортшылар медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады. Ал мәнерлеп атқа міну мен трейл бойынша ең жоғары жиынтық нәтиже көрсеткен спортшы Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының Кубогын иеленеді.

Екі турнирдің қатар өткізілуі Қазақстандағы паралимпиадалық және Арнайы Олимпиада ат спортының дамуына тың серпін беріп, әрбір спортшыға тең мүмкіндік жасауға, инклюзивті спорт қағидаттарын нығайтуға және атқа ізгі қарым-қатынас мәдениетін дамытуға бағытталған Федерацияның ұстанымын айқындай түседі.

Back to top button