Астанада конкурдан Әлем кубогының Еуразия лигасының финалы өтеді

18–22 қараша аралығында Астанада FEI Jumping World Cup™️ Eurasian League Final CSI-W Astana 2026 халықаралық жарысы өтеді. Конкурдан Әлем кубогының Еуразия лигасының финалы елордадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінің жабық манежінде ұйымдастырылады.
Бес күнге созылатын халықаралық додаға Еуразия лигасының рейтингінде үздік нәтиже көрсеткен шабандоздар қатысады. Жарысқа жалпы рейтинг бойынша алғашқы 40 орынға ие болған спортшылар шақырылады.
Сонымен қатар Еуразиялық ат спорты қауымдастығының (EEA) шешімімен шетелдік шабандоздарға және қабылдаушы ел Қазақстанның 10 спортшысына дейін қосымша орын берілуі мүмкін. Қатысушылардың жалпы саны 60 шабандоздан аспайды.
Жарысқа 11 елдің ұлттық ат спорты федерациялары шақырылған. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Иран, Әзербайжан, Армения, Грузия, Молдова, Ресей және Түрікменстан бар.
Конкур — ат спортының олимпиадалық түрі. Онда спортшы мен ат белгіленген бағыттағы кедергілерден өтіп, тапсырманы белгіленген ережелерге сәйкес орындауы тиіс. Жарыс барысында шабандоздың шеберлігі, аттың дайындығы, жылдамдық пен қозғалыс дәлдігі сыналады.
Еуразия лигасының финалын Астанада өткізу отандық шабандоздардың халықаралық жарыстарға қатысуына, тәжірибе алмасуына және Қазақстанда ат спортын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Өтетін күні: 18–22 қараша 2026 жыл
Өтетін орны: Астана қаласы, «Арғымақ» ат спорты кешені, жабық манеж
Жарыс атауы: FEI Jumping World Cup™️ Eurasian League Final CSI-W Astana 2026
Қатысушылар: 60 шабандозға дейін
Шақырылған елдер: 11
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін халықаралық жарысты ақпараттық тұрғыдан қолдауға шақырамыз.